09
апрель
2024
АЛМАТЫ-БІЗДІҢ ОРТАҚ ҮЙІМІЗ!


«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанының мақсаты – тұрғындардың қаланың инфрақұрылымы мен қоғамдық мүлікке жауапкершілікпен қарау құндылығын қалыптастыру, жеке экологиялық бастамаларды қолдау мен іске асыру үшін жағдай жасау, халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу.

- «Біздің қала – біздің көшелер» (8-14 сәуір) – қалалық инфрақұрылымды: жолды, жер үсті және жер асты жаяу жүргіншілер өткелдерін, аялдама кешендерін, бағдаршамдарды, жарық беру құралдарын, белгілерді, туристік тотемдерді, қоғамдық дәретханаларды тазалау және ретке келтіру апталығы. Дезинфекция және дезинсекция жүргізе отырып, люктер ауыстырылады, қоқыс жәшіктері жөнделеді.
- «Біздің қала – біздің аула, біздің үй» (15-21 сәуір): көшет отырғызу апталығы. Аулалар мен ойын алаңдары жөнделіп, ретке келтіріледі. Аулалар мен есік алдындағы шағын бақты көгалдандырғысы келетіндерге көшет, жеке үйлердің қоршауын сырлағысы келетіндерге бояу беріледі. Осы кезеңде түрлі шығармашылық әрі экологиялық іс-шаралар басталады – «Жас жұбайлар» креативті эко-хабы мен аллея ашу, «Эко-марафон» плоггингі, дәмханалар мен мейрамханаларда тамақ қалдықтарын жинау жобасы; «Таза ойындар» акциясы, «Мерзімі өткен дәрі-дәрмекті өткізіңіз – табиғатты сақтаңыз»; «Үздік аула», “Үздік шағын бақ», «Коммуналдық қызметтің үздік қызметкері» байқаулары, «Жасыл планета – біздің ортақ үйіміз» мектеп суреттері байқауы және т.б. 20 сәуір күні жалпықалалық сенбілік жоспарланған.
- «Біздің қала – біздің тау, өзен мен көлдер» (22-28 сәуір): жағалаулар мен су айдындарын, саябақтарды, скверлер мен тау бөктерін тазалау апталығы.
- «Біздің қала – біздің мақтаныш» (29 сәуір – 8 мамыр): ескерткіштер мен мәдениет нысандарды тазалау апталығы. Соңғы аптада қаладағы субұрқақтар іске қосылып, науқанға белсенді түрде қатысқан тұрғындар сыйлықтармен марапатталады.

[«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанның презентациясы ]